Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы бойынша ремедиация институты


Қаралымдар: 0 / PDF жүктеулері: 0

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.32523/2616-6844-2026-155-2-79-93

Кілт сөздер:

Экологиялық зиян, экологиялық залал, антропогендік әсер ету, базалық жағдай, ремедиация бағдарламасы

Аңдатпа

Мақалада Қазақстан Республикасында «Жасыл экономика» тұжырымдық бағдарламасын дамыту мен экологияны құқықтық реттеу тетіктерін орнықтыру  жағдайында Қазақстан Республикасының экологиялық  заңнамасында көзделген ремедиация институтына кешенді ғылыми-құқықтық талдау жасалады.

Ремедиация институтының заңнамалық-теориялық жағынан дамымауы, нормативтік құқықтық базадағы жүйеліліктің болмауы және құқық қолдану практикасында біркелкіліктің орын алмауы мақала тақырыбының өзектілігіне арқау болады. Жоғарыда аталған жайттардың еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуы мен жер қойнауын пайдалануды қарқынды жүзеге асыру кезеңінде зор маңызы бар.

Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаттары мыналар:

- ремедиацияның құқықтық ұғымын айқындау;

- оның мазмұнының өзіне тән ерекшеліктерін саралау;

- тұрақты даму принциптерін негізге алып, оларды жетілдіру жолдарының негізгі бағыттарын анықтау.

Ғылыми зерттеу жүргізу кезінде төмендегідей ғылыми әдістер қолданылды:

- формальды-құқықтық;

- жүйелік-құрылымдық;

- салыстырмалы-құқықтық;

-логикалық-доктриналық әдістер.

Зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы ремедиацияны құқықтық реттеудің қазіргі моделі экологиялық зиянды ақшалай өтеуге негізделген компенсациялық тәсілден нақты экологиялық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған қалпына келтіруші модельге қарай эволюцияланғаны анықталды. Экологиялық кодекс ремедиацияны қоршаған орта компоненттерін базалық жағдайға дейін қалпына келтіруге бағытталған, бақылау, мониторинг және жариялылық элементтері бар міндетті іс-шаралар кешені ретінде бекітеді.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы экологиялық реттеудің шегінен шығатын ремедиация институтын дербес салаларалық құқықтық институт ретінде негіздеу болып табылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы ремедиация институтын экологиялық құқықтың шеңберінде орнықтырады. Экологиялық, жер және жер қойнауын пайдалану заңнамаларын үйлестіру мәселелері, терминологиядағы айырмашылықтар және ремедиациялық қатынастарға қатысушылардың құқықтық мәртебесінің жеткілікті айқындалмауы анықталды. Ремедиацияны дербес салааралық құқықтық институт ретінде қалыптастыру қажеттілігі негізделді.

Заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдалды, оның ішінде ұғымдық аппаратты біріздендіру, ремедиацияны іске асырудың рәсімдік тетіктерін дамыту және осы саладағы ғылыми доктринаны нығайту қарастырылды. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға бағытталған қалпына келтіруші экологиялық реттеудің тұтас моделіне көшу қажеттілігі туралы қорытынды жасалды.

Жүктеулер

Жарияланды

2026-06-30

Дәйексөзді қалай келтіруге болады

Марат, Н. ., Сопыханова, А. ., & Бектурганова, А. . (2026). Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы бойынша ремедиация институты. Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық унивеситетінің Хабаршысы. Құқық сериясы, 155(2), 79–93. https://doi.org/10.32523/2616-6844-2026-155-2-79-93

Журналдың саны

Бөлім

Экологиялық құқық