Deepfake – алаяқтық пен әлеуметтік инженерияға қарсы іс-қимылдың құқықтық тәсілдеріне салыстырмалы талдау: АҚШ, Еуропалық Одақ және Қазақстан Республикасының тәжірибесі
Қаралымдар: 207 / PDF жүктеулері: 93
DOI:
https://doi.org/10.32523/2616-6844-2026-154-1-256-269Кілт сөздер:
deepfake, онлайн-алаяқтық, киберқылмыс, цифрлық қауіпсіздік, әлеуметтік инженерия, заңнама, құқықтық саясат, құқықтық талдауАңдатпа
Қазіргі цифрлық трансформация жағдайында deepfake технологияларының қарқынды дамуы онлайн-алаяқтықтың жаңа, күрделі нысандарының пайда болуына әкелуде. Әсіресе әлеуметтік инженерия әдістерімен үйлескен deepfake контенті жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамдық қауіпсіздікке және цифрлық сенім институттарына елеулі қатер төндіреді. Осыған байланысты мемлекеттердің deepfake арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы құқықтық тетіктерді қалыптастыруы өзекті ғылыми және практикалық маңызға ие.
Аталған мақалада deepfake технологияларын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын онлайн-алаяқтық пен әлеуметтік инженерияға қарсы іс-қимылдың құқықтық тәсілдеріне салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізіледі. Зерттеу АҚШ, Еуропалық Одақ және Қазақстан Республикасының заңнамалық тәжірибесіне негізделеді, қылмыстық-құқықтық реттеу, цифрлық контентті бақылау, онлайн-платформалардың жауапкершілігі және жеке деректерді қорғау салаларындағы негізгі нормативтік шешімдерді қамтиды, атап айтқанда, АҚШ-тағы deepfake контентіне қатысты арнайы заңнамалық бастамалар, Еуропалық Одақтың жасанды интеллектіні реттеуге бағытталған актілері және Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық және ақпараттық заңнамасының ерекшеліктері талданады.
Зерттеу барысында салыстырмалы құқықтық талдау, формальды-логикалық және жүйелік талдау әдістері қолданылды. Мақаланың ғылыми жаңалығы deepfake пен әлеуметтік инженерияның түйіскен тұсында туындайтын құқықтық қатерлерді кешенді түрде қарастыруымен және ұлттық заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеуімен сипатталады. Зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасының цифрлық қауіпсіздік саласындағы құқықтық саясатын жетілдіруге және онлайн-алаяқтыққа қарсы тиімді құқықтық механизмдерді қалыптастыруда практикалық маңызға ие.




